homepage
фото: ЖИ арқылы жасалды

Құмарлық эпидемиясы

29.07.2026, 15:54

Қазақстанда құмар ойынға тәуелділігі бар небәрі 9 адам ресми тіркелген. Алайда елде 700 мыңға жуық адам тұрақты түрде бәс тігеді. Finprom.kz сарапшылары құмар ойын нарығына жүргізген талдауында осындай алаңдатарлық деректер келтірді.

Сарапшылардың бағалауынша, еліміздегі онлайн-беттинг нарығы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсіп келеді. Былтыр интернет арқылы жасалған бәс тігулер көлемі бір жылдың ішінде он еседен астам ұлғайып, 370,5 млрд теңгеге жеткен. Ал дәстүрлі казино мен ойын автоматтары қызметінің көлемі, керісінше, қысқарған. Казино кірісі 16,2 пайызға төмендеп, 24,9 млрд теңгені құраса, ойын автоматтарының табысы 17 пайызға азайып, 4,4 млрд теңгеге түскен.

Енді салыстырып қарайық: 2024 жылы онлайн бәс тігудің үлесі небәрі 6 пайызды құраса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 62,6 пайызға дейін өсіпті. Демек, онлайн бәс тігу құмар ойындары нарығының негізгі бөлігіне айналды деген сөз. Сарапшылар соңғы 1,5 жылда қазақстандықтар букмекерлік кеңселер арқылы 1,6 трлн. теңге көлемінде бәс тіксе, соның ішінде 1,2 трлн. теңгесі ұтыс ретінде ойыншыларға қайтарылған. Ал шамамен 400 млрд. теңге букмекерлік компаниялардың үлесінде қалған. 

2025 жылдың қорытындысында Қазақстандағы құмар ойындар мен бәс тігу нарығының көлемі 592,2 млрд теңгеге жетіп, рекорд орнатты. Бір таң қаларлығы, құмар ойыннан ерікті түрде бас тартуға шешім қабылдағандардың саны да өсіпті.  2024 жылдың наурызынан 2026 жылдың мамырына дейін 457 мыңнан астам адам өзін ойыннан шектеу туралы өтініш берген. Оның 223 мыңнан астамы әлі күнге дейін күшінде.

Алайда, ойынқұмарлықтың нақты ауқымы туралы пікір әртүрлі. Тәуелсіз сарапшылар Қазақстанда 350 мыңнан астам адам құмар ойынға тәуелді болуы мүмкін десе, 2026 жылдың басындағы ресми есепте мұндай диагноз қойылған бар-жоғы 9 адам ғана тіркелген. Бұл ойынқұмарлықты анықтау, есепке алу және емдеу жүйесінің әлі де жетілдіруді қажет ететінін аңғартса керек. 

Неліктен ресми есепте небәрі 9 адам бар?
Қазақстанда құмар ойынға тәуелді небәрі 9 адам бар дегенге сену қиын. Нақты көрсеткішті анықтау үшін жекеменшік клиникаларда, құпия топтарда және оңалту орталықтарында емделіп жүрген адамдардың барлығын есепке алу қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ресми көрсеткіш тек диспансерлік бақылауда тұрған адамдардың санын білдіретінін айтады. Ал жасырын немесе анонимді түрде ем қабылдап жүргендер бұл есепке кірмейді.

Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы елімізде 98 адам өз еркімен стационарлық ем қабылдаған. Оның 72-сі Алматыдағы Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығында емделген.
Астанада – 10, Солтүстік Қазақстан облысында – 4, Ақтөбе облысында – 3, Шымкентте – 3, Жамбыл облысында – 2 адам ем қабылдаған. Қарағанды, Қостанай және Маңғыстау облыстарында бір-бір адамнан тіркелген. Дәрігерлердің өзі бұл статистика ойынқұмарлықтың нақты ауқымын көрсетпейтінін мойындайды. Себебі елдегі психикалық денсаулық орталықтарында құмар ойынға тәуелділіктен анонимді түрде емделуге мүмкіндік бар. Мұндай орталықтарда пациенттерге медициналық-әлеуметтік, психотерапиялық және оңалту көмегі көрсетіледі. Алайда көпшілік құмар ойынға тәуелділіктен тегін емделуге болатынын біле бермейді.

Ойынқұмарлықтан емделу кепілдендірілген тегін медициналық көмек жүйесіне кіреді. Өйткені F63 диагнозы әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізіміне енгізілген. Демек, мемлекеттік медициналық мекемеге жүгінген адам тегін тексеріліп, ем қабылдауға құқылы. Мысалы, Астанада мұндай көмек Хусейн бен Талал көшесі, 7 мекенжайында орналасқан Психикалық денсаулық орталығында көрсетіледі.

Лудоманның портреті
Зерттеушілердің мәліметінше, Қазақстанда құмар ойынға тәуелді азаматтардың шамамен 90 пайызы – ер адамдар. Бұл дерек өткен жылы жарияланған «Қазақстандағы лудомания феномені және оны дамытуға ықпал ететін факторлар» атты сараптамалық баяндамадан алынған.

2025 жылы елде шамамен 442,5 мың адам бәс тіккен. Олардың басым бөлігі – 18–30 жас аралығындағы жастар. Сарапшылардың бағалауынша, әрбір 10 лудоманның тоғызы – қазақ ұлтының өкілі.
Мамандарды алаңдататыны – ойынқұмарлықтың «жасарып» бара жатқаны. Бұрын құмар ойынға көбіне орта жастағы азаматтар әуес болса, бүгінде тәуелділердің орташа жасы небәрі 29 жасты құрайды. Зерттеу нәтижесі бойынша лудомандардың 71,6 пайызының жоғары білімі бар. Олардың жартысынан астамы – отбасылы, балалы азаматтар. Арасында ажырасқандар да аз емес.

Кәсібіне қарай бөлгенде, тәуелділердің 18,7 пайызы құрылыс және өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Қаржы секторында жұмыс істейтіндердің үлесі – 13,3 пайыз. Мемлекеттік қызметкерлер мен бұрын кәсіпкерлікпен айналысқан немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әрқайсысының үлесі – 11,7 пайыз.

Алайда әлеуметтанушылар лудоманның нақты әлеуметтік немесе психологиялық портретін жасау мүмкін емес екенін айтады. Егер мұндай әмбебап модель болғанда, тәуекел тобындағы адамдарды ерте анықтап, алдын алу шараларын әлдеқайда тиімді ұйымдастыруға болар еді.

Әлеуметтанушы Сәбина Шаймерденованың айтуынша, ойынқұмарлықтың белгілі бір жасқа немесе әлеуметтік топқа ғана тән сипаты жоқ.

«Лудомандардың арасында ер адамдар басым болғанымен, әйелдер де бұл дерттен тыс емес. Сонымен қатар нақты жас шегін белгілеу мүмкін емес. Өмірде 14 жастан бастап 60 жастан асқан адамдарға дейін құмар ойынға тәуелді болған жағдайлар кездеседі. Көп жағдайда адамдар қаржылық қиындықтардан, несие жүктемесінен немесе отбасылық мәселелерден шығудың оңай жолын іздеп, букмекерлік ойындардың құрбанына айналады. Мұндай жағдайда жақындарының қолдауы мен түсіністігі аса маңызды», – дейді сарапшы.

Есепте қанша адам бар?
2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда психобелсенді заттарды қолдануға байланысты психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар 108 мыңнан астам адам динамикалық бақылауда тұр. Олардың ішінде 18 мыңға жуығы – есірткіге тәуелді, 90 мыңнан астамы – алкогольге тәуелді азаматтар. Ал ойынқұмарлық белгілері бар адамдардың саны 450 мыңға жуық деп бағаланады. Бұл дерек биыл көктемде Астанадағы Психикалық денсаулық орталығында өткен жиында жарияланды.

Парламенттің экс-депутаты Айна Мысырәлімованың пікірінше, мәселе тек тәуелділердің санында емес, оларды емдеу жүйесінің тиімділігінде. Оның айтуынша, Қазақстанда науқастар стационардан шыққаннан кейін ұзақ мерзімді қолдау жеткіліксіз болғандықтан, бұрынғы ортасына қайта оралады. Сондықтан құмар ойынға тәуелділікпен күресте алдын алу, ерте анықтау, емдеу, оңалту және қоғамға қайта бейімдеуді біріктіретін біртұтас жүйе қажет. Сарапшының пікірінше, мемлекет жазалау мен есепке алуға емес, адамның қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасауға басымдық беруі тиіс. Ол үшін оңалту орталықтарының жұмысын лицензиялау, бақылауды күшейту және емделушілерді ұзақ мерзім қолдау тетіктерін енгізу маңызды. Ал Мәжілістің экс-депутаты Асхат Аймағамбетов қазіргі тәсілдердің жеткіліксіз екенін айтады.

«Лудоманияны жеке бағыт ретінде қарастырып, жедел желілер ашып, клиникалық хаттамаларды қайта қарау қажет. Қазіргі қолданылып жүрген тәсілдер бұл мәселені тиімді шешіп отырған жоқ», – дейді ол.

Үкімет не істеуі керек?

Мәжілістің экс-депутаты Нұрлан Әуесбаев ойынқұмарлықтың Қазақстан үшін әлеуметтік ғана емес, ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселеге айналып бара жатқанын айтады. Оның пікірінше, 700 мыңнан астам адамның тұрақты түрде құмар ойынға қатысуы – жүздеген мың отбасының тағдырына әсер етіп отырған күрделі құбылыс.

«Ойынға тәуелді азаматтардың артында күйреген отбасылар, жиналған қарыз, жоғалған уақыт пен әлеуметтік мәселелер тұр. Біз ойын бизнесінен түсетін табыс туралы айтып жүргенде, мыңдаған отбасының тыныштығы бұзылып жатыр. Сондықтан мемлекет бұл мәселеге тек шектеу қою тұрғысынан емес, азаматтарды құтқару тұрғысынан қарауы керек», – дейді ол.

Экс-депутаттың айтуынша, бүгінгі күні ойынқұмарлықпен күрестегі басты мәселе – медициналық және психологиялық көмектің қолжетімсіздігі. Оның үстіне 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспарда мемлекет тарапынан оңалту көмегі көрсетілетін азаматтар саны небәрі 300 адам деп белгіленген. Әуесбаев бұл көрсеткіштің мәселенің нақты ауқымына мүлде сәйкес келмейтінін айтады.

Тағы бір өзекті мәселе – криптовалюталар арқылы жұмыс істейтін заңсыз шетелдік букмекерлік платформалар. Оның сөзінше, «дроп-карталар» мен жалған төлем шоттары арқылы ұйымдастырылатын көлеңкелі ойын бизнесінің жылдық айналымы 500 млрд теңгеден асқан. Бұл қаржының бақылаудан тыс қалуы мемлекет үшін елеулі қауіп төндіреді.

Экс-депутаттың пікірінше, ойынқұмарлықтан емделгісі келетін көптеген азамат мемлекеттік медициналық ұйымдарға жүгінуге қорқады. Себебі олар кейін түрлі шектеулерге тап боламыз деп қауіптенеді. Ал жекеменшік оңалту орталықтарының қызметі көпшілік үшін тым қымбат.

Сондықтан ол мемлекетке бірнеше нақты ұсыныс жасады:

  • ойынқұмарлықтан анонимді емделуге құқықтық кепілдік беру;
  • оңалтудан кейін азаматтарды ұзақ мерзім қолдау жүйесін енгізу;
  • емделіп шыққандар үшін банк несиелерін уақытша кейінге қалдыру тетігін қарастыру;
  • заңсыз букмекерлік платформалар мен «дроп-карталарға» қарсы қаржылық бақылауды күшейту;
  • мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында ойынқұмарлықтың алдын алатын тұрақты психологиялық бағдарламалар енгізу;
  • мемлекеттік және жекеменшік оңалту орталықтарының жұмысын кеңейтіп, олардың қызметін қолжетімді ету.

Сарапшылардың пікірінше, лудоманиямен күрес тек сайттарды бұғаттаумен немесе жарнаманы шектеумен аяқталмауы тиіс. Негізгі мақсат – тәуелді адамдарды қалыпты өмірге қайтару.

Төлен Тілеубай