Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа Ресейде терроризмге жәрдемдесті деген айып тағылып, оны халықаралық іздеуге жариялау рәсімі басталды. Бұл туралы Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ФҚҚ мәліметінше, қылмыстық іс Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі («террористік әрекетке жәрдемдесу») бойынша тергеліп жатыр.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Telegram әкімшілігі Ресей тарапы заңсыз деп таныған бірқатар арнаны, чаттар мен боттарды жоймаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, оларды Украинаның арнайы қызметтері, сондай-ақ террористік және экстремистік ұйымдар Ресей аумағында диверсиялар, террорлық әрекеттер, жаппай кісі өлтіру және кибералаяқтықты ұйымдастыру үшін пайдаланған.
Telegram арқылы жасалған қылмыстар туралы мәлімдеме
ФҚҚ дерегінше, 2022 жылдан бері Ресейде Telegram арқылы жасалған 153 мың қылмыс тіркелген. Олардың қатарында «Крокус Сити Холлдағы» теракт, Дарья Дугина мен әскери тілші Владлен Татарскийдің (Максим Фомин), сондай-ақ тоғыз жоғары лауазымды әскери қызметкердің өліміне қатысты істер бар.
Сондай-ақ ведомство соңғы жылдары Telegram арқылы дайындалған 475 террорлық әрекеттің, оның ішінде мектептердегі 61 жаппай шабуылдың алдын алғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, ресейлік әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне қатысты шамамен 700 қоқан-лоққы тіркелгені айтылды.
Ресейдің байланыс саласын қадағалайтын Роскомнадзор бұған дейін Telegram әкімшілігіне заңсыз контентті жою туралы 150 мыңнан астам талап жолдағанын, алайда олардың орындалмағанын хабарлады.
Францияда да тергеу жүріп жатыр
Павел Дуровқа қатысты тергеу тек Ресейде ғана емес. Франция билігі де Telegram платформасындағы контентті жеткілікті деңгейде модерацияламады және құқық қорғау органдарымен толық ынтымақтаспады деген күдікпен істі тергеуді жалғастырып жатыр.
Француз тергеушілерінің пікірінше, бұл балалар порнографиясын тарату, есірткі саудасы мен алаяқтық сияқты қылмыстардың жасалуына жағдай жасауы мүмкін.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, шілде айының басында Дуров Парижде осы іс аясында кезекті рет алты сағаттан астам уақыт бойы жауап берген.
Қазіргі уақытта Павел Дуров бұл айыптауларға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.