ҚР Сауда және интеграция министрлігі Wildberries компаниясының қойма кешендерін Қазақстанға көшіру мәселесіне қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство хабарлауынша, қазіргі уақытта компаниядан Қазақстан аумағында қосымша қойма қуаттарын орналастыруға қатысты ресми өтініш түспеген. Егер мұндай ұсыныс келіп түссе, ол ұлттық мүдделер мен қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады.
“Министрлік үшін халықаралық компаниялардың кез келген жобалары елдің ұлттық мүдделеріне сай, өзара тиімді негізде жүзеге асырылуы маңызды. Мұндай жобалар отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс.
Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары. Осыған байланысты Министрлік заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ трансшекаралық электрондық сауданы ілгерілетуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайды”, – делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен бірге министрлік ешбір компанияға ерекше жеңілдік немесе арнайы шарттар қарастырылмайтынын баса айтты. Тауарларды сақтау, тасымалдау және айналымға шығару процестері Қазақстан заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің бірқатар БАҚ-тары Wildberries Ресейдегі логистикалық қиындықтарға байланысты Қазақстаннан шамамен 100 мың шаршы метр қойма алаңын іздеп жатқанын хабарлаған болатын.
Ал компания өз кезегінде Алматыда ауданы 100 мың шаршы метрден асатын, ал Астанада 160 мың шаршы метрлік жаңа логистикалық орталықтардың құрылысы жоспарлы түрде жалғасып жатқанын мәлімдеген.