Қостанайдағы балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тәрбиеленіп жатқан 14 жастағы жасөспірім күндіз ұйықтап жатқанда қайтыс болған. Қазіргі уақытта оның өлімінің нақты себебі анықталып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қостанай облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, қайғылы оқиға 28 шілдеде болған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс тіркеп, қажетті сараптамалар мен тергеу әрекеттерін бастап кетті.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, тәрбиеленушінің жағдайы сол күні қанағаттанарлық деп бағаланған. Баланың дене қызуы көтерілмеген, ешқандай шағым айтпаған, белсенді болып жүрген, түскі асын ішкеннен кейін күндізгі ұйқыға жатқызылған.
Өлім себебі әзірге белгісіз
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратта жасөспірімнің жүрегі тоқтап қалғаны және оның жағдайына аптап ыстық пен бөлмедегі ауа жетіспеушілігі әсер етуі мүмкін екені айтылған. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы орталықтағы әрбір топ салқындатқышпен жабдықталғанын, ал ыстық күндері температуралық режим мен ауызсу режимінің сақталуына ерекше көңіл бөлінетінін мәлімдеді.
Полиция тексеру жүргізіп жатыр
Облыстық полиция департаменті кәмелетке толмаған баланың қайтыс болуына байланысты тексеру басталғанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, барлық қажетті процессуалдық әрекет жүргізіліп жатыр.
“Сараптама қорытындылары шыққаннан кейін оқиғаға құқықтық баға беріліп, заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады”, – делінген полиция хабарламасында.
Белгілі болғандай, жасөспірім 2016 жылдың тамыз айынан бері осы орталықта тәрбиеленген. Оған Даун синдромы мен ақыл-ой дамуының ауыр деңгейдегі бұзылысы диагнозы қойылған. Бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оған ешкім келмеген.
Оқиға өңірдегі Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауына алынды.