homepage
depositphotos.com

Мүлік салығын кімдер жеңілдікпен төлейді

29.07.2026, 14:14

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2025 жылғы салық кезеңіне арналған жеке тұлғалардың мүлік салығын есептеуді аяқтады  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, есептелген салық сомасы коммуналдық қызметтерге арналған АЛСЕКО түбіртектеріне енгізілген. Сондай-ақ төлем туралы хабарламалар мен түбіртектер екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді.

Мүлік салығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде жылжымайтын мүлік орналасқан жер бойынша есептеледі.

Кімдерге салықтық жеңілдіктер қарастырылған?

Салық кодексіне сәйкес, бірқатар азаматтарға 1000 немесе 1500 АЕК көлемінде салықтық жеңілдіктер беріледі. Олардың қатарында:

  • Кеңес Одағының Батырлары, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері;
  • Ұлы Отан соғысының және басқа да жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлері, тыл еңбеккерлері, мүгедектігі бар азаматтар;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың бірі;
  • «Батыр ана», «Алтын алқа» иегерлері және бөлек тұратын зейнеткерлер.

Мүлік салығын қашан төлеу керек?

2025 жылғы мүлік салығын 1 қазаннан кешіктірмей төлеу қажет. Мемлекеттік кірістер департаменті өсімпұлдың есептелуіне жол бермеу үшін төлемді уақытында жүргізуге кеңес береді.

Қосымша ақпаратты Алматы қаласының аудандық Мемлекеттік кірістер басқармаларынан немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.