homepage
фото: коллаж Juzmedia

Wildberries Қазақстаннан жаңа қоймалар іздеп жатыр

29.07.2026, 12:39

Ресейдегі қоймаларға жасалған дрон шабуылдарынан кейін Wildberries Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымын кеңейтуге кіріскен сыңайлы. Кейбір дереккөздердің мәліметінше, компания Қазақстан аумағынан жалға алу үшін аумағы шамамен 100 мың шаршы метр болатын қойма іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Компания бұл ақпаратты жоққа шығарған жоқ, елдегі логистикалық желісін кеңейтіп жатқанын мәлімдеді. Қазір Алматыда ауданы 100 мың шаршы метрден асатын,  ал Астанада көлемі 160 мың шаршы метр болатын логистикалық орталықтар салынып жатыр, олар келер жылы пайдалануға берілмек.

Шілде айының ортасынан бері компанияның Ресейдегі логистикалық орталықтары бірнеше мәрте ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) шабуылына ұшырады. RWB тобының мәліметінше, шабуылдардан Санкт-Петербург, Мәскеу облысы, Қырым, Тамбов және Воронеж облыстары, сондай-ақ Ставрополь мен Краснодар өлкелеріндегі қоймалар зардап шеккен. Алдын ала есеп бойынша, жалпы ауданы 444 мың шаршы метрден асатын логистикалық нысандар уақытша істен шыққан. Бұл компанияның барлық қойма қорының шамамен 8 пайызы деген сөз. 

Дрон шабуылдарының жиілеуі компанияны логистикалық бағыттарын қайта қарауға мәжбүр етті. Wildberries тауарларды әртүрлі өңірлердегі қоймалар арасында қайта бөліп, жеткізу тізбегіндегі тәуекелдерді азайтуға тырысып жатыр. 

Айта кетейік, Wildberries Ресейдегі ең ірі маркетплейсі. Компанияның 2025 жылғы тауар айналымы 49 пайызға өсіп, 6,1 триллион рубльге жетсе, таза пайдасы 68 пайызға артып, 175 миллиард рубльден асқан. Қазіргі уақытта компанияның жалпы ауданы 5,6 миллион шаршы метр болатын 209 логистикалық нысаны жұмыс істеп тұр.