28 шілде күні Балқаш көлінің Үлкен ауылындағы жағажайда болған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желіде тараған видеода жеңіл автокөліктің жағажайда жүріп келе жатқанын көруге болады. Сол сәтте жағалауда адамдар демалып, балалар суға шомылып жүрген.
Куәгерлердің сөзінше, демалушылар жүргізушіден көлікті тоқтатуды талап еткен. Алайда, ол ескертуге құлақ та аспаған.
Әлеуметтік желі қолданушылары жүргізушіні анықтап, заң аясында жауапкершілікке тартуды талап етіп жатыр. Сондай-ақ тұрғындар жағажай аумағына көліктің кіруіне шектеу қойылмағанын, қоршаулар мен тыйым салатын белгілердің орнатылмағанын айтып жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне де сын айтып жатыр. Әзірге аталған оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берген жоқ.
Соңғы уақытта Қазақстанның әр өңіріндегі демалыс орындарында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауына қатысты даулы оқиғалар жиілеп кетті. Әлеуметтік желілерде жағажайларда квадроциклдер мен автокөліктердің жүруі, гидроциклдердің демалушыларға тым жақын жүзіп, қауіп төндірген видеолар бірнеше рет тарады.
Балқаш көлі – Қазақстандағы ең ірі табиғи су айдыны және елдегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. Жаз мезгілінде мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист келеді. Көлдің бірегей ерекшелігі – оның батыс бөлігі тұщы, ал шығыс бөлігі тұзды. Бұл табиғи құбылыс әлемдегі сирек кездесетін гидрологиялық ерекшеліктердің бірі саналады.