Қазақстанда қаржылық алаяқтықтың алдын алу мақсатында бірқатар жаңа қорғаныс тетігі енгізілді. Соңғы жылдары қабылданған заңнамалық және цифрлық өзгерістердің арқасында алаяқтық жолмен рәсімделген несиелердің саны айтарлықтай азайған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алаяқтық несиелер азайды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2026 жылдың басынан бері жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге бағаланатын 1,3 мың алаяқтық несие анықталған.
Салыстырмалы түрде, 2025 жылы – 5,1 мың, ал 2024 жылы 8,7 мың заңсыз несие тіркелген. Сарапшылар мұны азаматтарды қорғауға бағытталған жаңа тетіктердің тиімділігімен байланыстырады.
Қандай жаңа қорғаныс шаралары енгізілді?
Азаматтар eGov порталы арқылы өз атына несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым сала алады. Қазірдің өзінде бұл мүмкіндікті 6,5 миллионнан астам қазақстандық пайдаланған.
Сонымен қатар:
Антифрод жүйесі күшейтілді
Ұлттық банктің Антифрод орталығы іске қосылғаннан бері 180 мыңнан астам күмәнді оқиға тіркелген. Ал 2025 жылдың басынан бері банктер 68 млрд теңгеден астам алаяқтық операцияның алдын алған.
Сондай-ақ байланыс операторлары 142,1 миллионнан астам күмәнді қоңырауды және 310 мыңнан астам алаяқтық белгілері бар нөмірді бұғаттаған.
Бұдан бөлек, дропперлерге (алаяқтардың ақшасын өткізуге көмектесетін тұлғаларға) қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді мұндай әрекеттер үшін айыппұл салынып, мүлкі тәркіленуі немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.