Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кумамото префектурасында болған магнитудасы 7,1 балдық жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. Тағы ондаған адам із-түзсіз жоғалып, құтқарушылар үйінді астынан адамдарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жер сілкінісі 28 шілдеде Кюсю аралындағы Кумамото қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 20 шақырым жерде тіркелді. Табиғи апат салдарынан тұрғын үйлер, жолдар мен көпірлер зақымданып, 36 мыңнан астам үй жарықсыз қалған.
Ең көп зардап шеккен нысандардың бірі – Aeon Mall Kumamoto сауда орталығы болды. Жер сілкінісінен шамамен бір сағат өткен соң ғимаратта жарылыс болып, оның бір бөлігі опырылып түскен. Құтқарушылар үйінді астынан сегіз адамды алып шыққан. Жасы 20 шамасындағы екі әйел адам қаза тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, сауда орталығының 20-30 қызметкері әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Билік жарылысқа газдың шығуы себеп болуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр.
Сондай-ақ Nippon Paper Industries кәсіпорнындағы мұржаның құлауынан жеті адам хабар-ошарсыз кеткен, төрт адам ауыр жарақат алған.
Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити құтқару жұмыстары уақытпен жарыс екенін айтып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін барлық күш жұмылдырылғанын мәлімдеді.
Табиғи апаттан кейін төтенше қызметтерге 386 шақырту түскен. Кумамото префектурасының шамамен 260 мың тұрғыны эвакуациялық орталықтарға көшуге шақырылды. Аймақта ауа температурасы +34 градусқа дейін көтерілетіндіктен, билік тұрғындарға ыстық өту қаупі туралы да ескерту жасады.
Жер сілкінісінен кейін бірқатар автомагистральда терең жарық пайда болып, теміржол қозғалысы уақытша тоқтатылды. Өңірдегі Honda, Sony және Tokyo Electron кәсіпорындары жұмысын уақытша тоқтатты, ал TSMC Кумамотодағы зауытынан қызметкерлерін эвакуациялады.
Жапонияның метеорологиялық агенттігі алдағы бір апта ішінде қайталама күшті жер сілкіністері болуы мүмкін екенін ескертіп, көшкін қаупі сақталып отырғанын хабарлады. Дегенмен цунами қаупі жарияланған жоқ.
Дереккөз: Reuters