Қазақстанда еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып, қатысушыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау күшейтілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Енді бағдарламаға қатысушылар жаңа өңірден тұрғын үй сатып алу үшін 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) экономикалық ұтқырлық сертификатын ала алады.
Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға көшу шығындары субсидияланып, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтердің ақысы өтеледі.
Сондай-ақ жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ жұмыс тауып, жұмыс берушіні таңдауға мүмкіндік беріледі.
Бағдарламаға қатысушылар қатары да кеңейді. Енді мемлекеттік қолдау тек жұмыссыз азаматтарға ғана емес, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарға, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшыларына да қолжетімді.
Өтінім беру, бос жұмыс орындарын қарау және қоныс аударатын өңірді таңдау қызметтері migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, олардың 31 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған.