homepage
polisia.kz

Ақмола облысында жол апатынан екі адам қаза тапты

29.07.2026, 09:32

Ақмола облысында Астана – Петропавл республикалық автожолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам көз жұмып, тағы бір адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 28 шілдеде сағат 15:00 шамасында Бұланды ауданы аумағындағы Астана – Петропавл автожолының 157-шақырымында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Көкшетау бағытына қарай келе жатқан Audi Q8 автокөлігі жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан MAN жүк көлігімен соқтығысқан.

“Жол апаты салдарынан Audi Q8 көлігінің жүргізушісі мен жолаушылардың бірі оқиға орнында қаза болды. Тағы бір жолаушы түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды”, – делінген ПД хабарламасында.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, жол-көлік оқиғасының себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Осыған байланысты полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдық режимін жол жағдайына қарай таңдауға және жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде барынша мұқият болуға шақырды.