Алматы облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқыны бәсең. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр айтып, мұны облыс әкімі жіберген олқылық деп атады. Үкімет басшысының айтуынша, облыста әлі күнге дейін жобалар бойынша келісім-шарт жасалмаған.
Сұлтанғазиев бұл сынға жауап беруге тырысты. Әкімнің айтуынша, облыста энергетика және коммуналдық шаруашылықты дамытуға арналған жалпы құны 62,9 млрд теңгенің 10 жобасы іске асырылып жатыр. Оның төртеуін жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырса, қалған алтауы 58,9 млрд теңге көлемінде «Алатау Жарық Компаниясының» еншісінде.
Сұлтанғазиевтің сөзінше, компания қазір конкурстық рәсімдерді өткізіп жатыр. Оның қорытындысы 25 қыркүйекке дейін шығуы тиіс. Алайда, Сұлтанғазиев сумен жабдықтау саласында проблема бар екенін мойындап отыр. Конкурстық рәсімдер 5 маусымда басталғанымен, 14 маусымда прокуратураның ұсынысынан кейін конкурс қорытындыларының күші жойылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қазір конкурстар қайта жарияланған. Нәтижесі 25 тамызға дейін белгілі болуы тиіс. Әкім сумен жабдықтау жобаларын жыл соңына дейін аяқтауға уәде берді.
Алайда Премьер-министр Олжас Бектенов бұл түсініктемеге сын айтты.
«Сізді тыңдасақ, Сізден басқалардың бәрі кінәлі. Жұмысты тездетіңіздер», – деді Үкімет басшысы.