homepage
Depositphotos.com

Тегін қызмет пен оңай ақша: алаяқтардың қауіпті екі тәсілі қандай

27.07.2026, 17:58

Әлеуметтік желіде «телефонды бөліп төлеуге алыңыз, біз оны бірден қолма-қол ақшаға сатып аламыз» немесе «тегін диагностика, ақау анықталса, жөндеуге 70% жеңілдік» деген ұсыныстар жиі кездеседі. Алайда мұндай жарнамалар кейде адамды қарызға батыратын алаяқтық схема болуы мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Fingramota мамандары алаяқтардың кең тараған екі әдісіне назар аударды.

Бірінші схема – бөліп төлеуді қолма-қол ақшаға айналдыру.

Адамға қымбат телефон немесе басқа техниканы бөліп төлеуге рәсімдеу ұсынылады. Кейін оны бірден қолма-қол ақшаға сатып алатынын айтады.

Алайда іс жүзінде сатып алушы тауар құнының тек бір бөлігін алуы мүмкін. Мысалы, 800 мың теңгелік смартфон үшін 350-400 мың теңге ғана ұсынылады. Ал банк алдындағы толық қарызды бәрібір сатып алушы өтеуі тиіс.

Кей жағдайда алаяқтар техниканы «тексеру» немесе құжат рәсімдеу үшін алып, кейін байланысқа шықпай қалады. Ал қарыз адамның мойнында қала береді.

Екінші схема – «тегін» қызмет арқылы несие рәсімдеу.

Мұндай жағдайда компаниялар тегін диагностика немесе тексеру ұсынады. Кейін мамандар «күрделі ақау барын» айтып, адамды шұғыл түрде қымбат қызмет алуға көндіреді.

Содан соң «тек бүгін жеңілдік бар» деген сылтаумен бірқатар құжатқа қол қойғызады. Адам қызмет көрсету шартына қол қойдым деп ойлауы мүмкін. Алайда құжаттардың арасында банкпен жасалған несие немесе бөліп төлеу шарты болуы ықтимал.

Компания кейін қызметті сапасыз көрсетуі немесе мүлде жоғалып кетуі мүмкін. Бірақ бұл жағдайда да банк алдындағы қарыз жойылмайды.

Мамандар мұндай ұсыныстардан сақ болуға шақырады. Әсіресе:

  • «тек бүгін» деп асықтырса;
  • тауарды тек қолма-қол ақша алу үшін бөліп төлеуге алуды ұсынса;
  • шартты оқуға уақыт бермесе;
  • құжаттардың көшірмесін бермесе;
  • ауызша уәделерін жазбаша бекітпесе;
  • кеңсесі мен ресми құжаттары болмаса;
  • тек мессенджер арқылы жұмыс істесе.

Есте сақтаңыз: тым тиімді немесе «тегін» ұсынысқа бірден келіспей, шарттарды мұқият оқып, қажет болса заңгермен кеңескен дұрыс. Қол қойылған несие шарты бойынша міндеттеме, әдетте, қарыз алушының өзінде қалады.