homepage
Ақорданың баспасөз қызметі

Елімізде 176 млрд теңгені заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырғандар ұсталды

27.07.2026, 16:40

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Кездесуде Агенттіктің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысы қорытындыланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жанат Элимановтың айтуынша, жыл басынан бері 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге өтелген.

Сонымен қатар қаржы мониторингі қызметі 7 қылмыстық топтың, оның ішінде 4 трансұлттық топтың және 176 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің жолын кесті.

Есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірістерді жылыстатуға пайдаланылған 12 жасырын криптоайырбастау пункті жойылды. Бұдан бөлек, өз шоттары арқылы 113 млрд теңге өткізген 36 дропперлік топ анықталды.

Агенттік бюджет қаражатының жұмсалуына да мониторинг жүргізген. Соның нәтижесінде 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру қаупі анықталған. Ал жеке клиникалардың Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз ақша алу үшін 140 мың азамат туралы жалған мәлімет енгізгені белгілі болды.

Заңсыз ойын бизнесі мен алаяқтыққа қарсы күрес аясында 9 мың сайт пен аккаунт бұғатталды. Бұдан бөлек, алаяқтық мақсатта құрылған 2,3 мың ресурс пен 35 мыңнан астам мүшесі бар 25 чаттың жұмысы тоқтатылды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің жұмысына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.