homepage
juzmedia.kz

Жасөспірімдерге арналған әлеуметтік желідегі қауіпсіздік ережелері қандай

27.07.2026, 15:37

Әлеуметтік желіде жеке мәліметтерді ашық жариялау жасөспірімдер үшін қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі интернеттегі қауіпсіздік ережелерін еске салды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желіде мына ақпараттарды жарияламаған жөн:

  • үйдің нақты мекенжайы;
  • телефон нөмірі;
  • оқитын мектеп;
  • сабақ кестесі;
  • нақты орналасқан жері туралы мәлімет.

Сондай-ақ геолокация көрсетілген фото мен стористі дәл сол уақытта жарияламауға кеңес беріледі. Қауіпсіздік үшін мұндай жазбаларды барған жерден кеткеннен кейін бөліскен дұрыс.

ІІМ жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі достар тізіміне тек жеке танитын адамдарды қосуды ұсынады. Парақшаның құпиялық баптауларын да тексеріп, жарияланымдарды бейтаныс адамдар көре алмайтындай етіп қойған жөн.

Бейтаныс адамдарға жеке фотосуреттерді, құжаттарды және басқа да құпия ақпаратты жіберуге болмайды.

Егер біреу жеке мәліметтерді сұрап, қайда жүргеніңізді анықтауға тырысса немесе қорқыта бастаса, онымен байланысты бірден тоқтатып, аккаунтын бұғаттау қажет. Мұндай жағдайды ата-анаға, заңды өкілге немесе сенімді ересек адамға міндетті түрде айту керек.

ІІМ жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі лайк пен жазылушылар санынан жеке қауіпсіздік әлдеқайда маңызды екенін ескертеді.