homepage
Cesar MANSO / AFP via Getty Images

Франция мен Испаниядағы алапат өрт: 360 мыңнан астам адам эвакуацияланды

27.07.2026, 12:54

Франция мен Испанияда орман өрттері өршіп, 360 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Екі елде де аптап ыстық, құрғақшылық пен қатты жел өртті ауыздықтауды қиындатып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаменті ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі болып отыр. Мұнда өрттен шамамен 220-250 мың адам эвакуацияланған, ал жалын ондаған мың гектар аумақты шарпыған.

Өрт Бордо қаласына да жақындап қалғанымен, әзірге қаланы жаппай эвакуациялау жоспарда жоқ.

Өртті сөндіруге Францияда мыңдаған өрт сөндіруші, әскери қызметші мен полиция жұмылдырылды. Құтқару жұмыстарына Еуропаның басқа елдері де арнайы техника мен авиация жіберіп жатыр.

Испанияда соңғы күндері 100 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Өрт ошақтары Мадрид маңындағы орталық өңірлерде, сондай-ақ Валенсия мен басқа да аймақтарда өршіген. Кейбір елд мекендерде тұрғындарға қауіпсіз жерді паналау туралы нұсқау берілген.

Франция президенті Эмманюэль Макрон өрт жағдайына байланысты министрлер кабинеті отырысын өткізбек. Ел үкіметі дағдарысқа ден қою тетіктерін іске қосып, өртпен күреске қосымша күш тартып жатыр.

Сарапшылар жағдайды аптап ыстық пен құрғақшылықтың күшеюімен байланыстырады.

Франциядағы өрт кезінде пирокумулонимбус деп аталатын алып найзағайлы бұлттар пайда болған. Мұндай бұлттар өздігінен қатты жел туғызып, найзағай арқылы жаңа өрт ошақтарының пайда болуына себеп болуы мүмкін.