Қазақстандықтарға болашақ зейнетақысын тек міндетті зейнетақы жинақтарымен шектемей, қосымша капитал қалыптастыруды алдын ала ойластырған жөн. Экономист Руслан Сұлтанов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
LS агенттігінің жазуынша, сарапшы 2027 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейінің сәйкестігіне берілетін мемлекеттік кепілдік жойылатынын айтады. Алайда бұл зейнетақы қаражаты бірден азаяды немесе болашақ төлемдер автоматты түрде қысқарады дегенді білдірмейді.
Оның пікірінше, бұл өзгеріс азаматтардың зейнетақы жинақтарына мұқият қарауы керегін көрсетеді. Жинақ ондаған жыл бойы қалыптасатындықтан, инвестициялық табысты бір жылдық көрсеткішпен емес, ұзақ мерзімді нәтиже арқылы бағалау маңызды.
Егер азамат жинағының бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияға беруді жоспарласа, тек табыстылыққа емес, компанияның инвестициялық стратегиясына, тәуекел деңгейіне және зейнетке шығуға дейінгі уақытқа да назар аударуы қажет.
Экономист болашақта тек міндетті зейнетақы жарналарына сеніп қалу әрдайым тиімді бола бермейтінін атап өтті. Қаржылық мүмкіндік болса, азаматтарға ерікті зейнетақы жарналары немесе басқа да ұзақ мерзімді жинақ құралдары арқылы қосымша зейнетақы капиталын қалыптастыруды қарастырған жөн.
Сонымен бірге сарапшы зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы тек азаматтардың жауапкершілігіне байланысты емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, зейнетақы активтерін басқарудың ашықтығы, инвестициялық нәтижелерді бағалаудың түсінікті критерийлері және салымшыларды тұрақты ақпараттандыру маңызды.
Айта кетейік, Қазақстанда 2027 жылдан бастап зейнетақы жинақтарының инфляция деңгейіне сәйкестігіне берілетін мемлекеттік кепілдік жойылады. Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, зейнетке шығатын азаматтарға инфляция айырмасын біржолғы төлеуді көздейтін бюджет бағдарламасы оңтайландырылады.
Сонымен қатар қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушы инвестициялық портфель компанияларына аударуға мүмкіндік беру жоспарланып отыр.