homepage
Видеодан кадр

Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Грузиядан экстрадицияланды

27.07.2026, 11:19

Қазақстанда аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өндіріп, оны таратқан және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Грузиядан елге жеткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметі Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен күдіктіні экстрадициялаған.

Тергеу мәліметінше, күдікті Алматы облысында аса ірі көлемде психотроптық зат өндіруді ұйымдастырған. Кейін есірткі Алматы қаласы мен Алматы облысында жасырын түрде таратылған. Қылмыстық топтан шамамен 10 келі мефедрон тәркіленген.

Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған 1,8 млрд теңгеден астам қаражат түрлі қаржылық операциялар, соның ішінде криптоалмастырғыштар арқылы заңдастырылған. Бұдан бөлек, күдіктілер 600 млн теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік сатып алған. Бұл активтерге мемлекет пайдасына тәркілеу үшін тыйым салынды.

Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі сот алдында жауап беріп жатыр. Ал кейбірі, соның ішінде осы күдікті де, тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.

Ол биыл қаңтарда Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір күдікті қамауда отыр.

Егер сот кінәсін дәлелдесе, оның мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.