Шымкентте жол айрығын салу кезінде қайғылы оқиға болды. 54 жастағы жұмысшы экскаватор астына түсіп, алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қайғылы жағдай Байдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жол айрығының құрылыс алаңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы Әбдіхан Сүлеймен құрылыс кезінде экскаватор астында қалған.
Ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажетті тергеу амалдарын жүргізуде.
Сонымен қатар қайғылы жағдайды Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы да тексереді. Алдын ала ақпарат бойынша, құрылыс жұмыстарын атқарған қосалқы мердігер ұйым марқұммен еңбек шартын жасамаған болуы мүмкін.
Инспекторлар құрылыс алаңында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтайды. Тексеру мен тергеу нәтижесінде заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.