homepage
depositphotos

Ұрып-соғу, бопсалау, қаржы пирамидасы: мемқызметкерлер қандай қылмыстармен ұсталды

24.07.2026, 16:34

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар жыл сайын күшейіп келеді. Биыл мамыр айының соңында жаңартылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мінсіз беделге ие болып, қоғамда теріс пікір тудыратын кез келген әрекеттен аулақ болуы тиіс, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Finprom сарапшыларының жазуынша, бұл талаптардың нәтижесі де байқалып жатыр.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2020 жылдан бері мемлекеттік қызметкерлер жасаған қылмыстық құқықбұзушылықтар саны шамамен үш есеге азайған.

2025 жылы елде мемлекеттік қызметкерлерге қатысты 431 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,3 мыңға жуық болған.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында мұндай қылмыстар саны тағы 6,4%-ға азайып, 233 дерекке жетті. Алайда олардың 73%-ы ауыр қылмыстарға жатады.

Айта кету керек, бұл статистика тергеу органдары тіркеген фактілерге негізделген. Сондықтан барлық күдіктінің кінәсі сотта дәлелденді дегенді білдірмейді.

Парақорлықтан өзге, тағы қандай қылмыстар жасалады?

Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты сөз болғанда көпшілік ең алдымен жемқорлықты еске алады. Алайда тіркелген құқықбұзушылықтар мұнымен ғана шектелмейді.

2026 жылдың қаңтар-маусым айларында ең көп тіркелген қылмыстар – 106 жағдай меншікке қарсы құқықбұзушылық болды.

Олардың ішінде:

  • бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету – 71 жағдай;
  • алаяқтық – 33 жағдай.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер арасында:

  • ұрлық;
  • бопсалау;
  • қаржы пирамидасын құру;
  • экономикалық контрабанда деректері де тіркелген.

Ұрып-соғу мен зорлық деректері де кездеседі

Жеке адамға қарсы жасалған қылмыстардың саны да өсіп келеді. Биыл алғашқы жартыжылдықта мұндай 16 құқықбұзушылық тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе артқан.

Олардың ішінде:

  • денсаулыққа қасақана зиян келтіру – 8 жағдай;
  • ұрып-соғу – 5 жағдай бар.

Сонымен қатар ерекше ауыр айыптар да кездескен. Бір мемлекеттік қызметкер азаптау ісі бойынша, біреуі зорлау күдігімен, тағы бірі кәмелетке толмаған адамға сексуалдық сипаттағы әрекет жасады деген күдікпен тергеліп жатыр.

Өткен жылы сондай-ақ есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтау және тасымалдау, адам өлтіруге оқталу, заңсыз бас бостандығынан айыру сияқты сирек кездесетін қылмыстар да тіркелген.

Әкімшілік құқықбұзушылық көбейген

Қылмыстық құқықбұзушылықтар азайғанымен, әкімшілік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметкерлердің саны соңғы жылдары артқан.

2020 жылы әкімшілік жауапкершілікке 15,4 мың мемлекеттік қызметкер тартылса, 2025 жылы олардың саны 25,5 мың адамға жеткен.

Сарапшылар мұны бақылаудың күшеюімен, мемлекеттік аппараттың цифрландырылуымен және тәртіпке қойылатын талаптардың қатаңдауымен байланыстырады. Бұрын ескерту немесе тәртіптік жаза деңгейінде қалған көптеген заңбұзушылықтар қазір ресми тіркеліп, әкімшілік жауапкершілікке дейін жеткізіледі.

2024 жылы әкімшілік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметкерлер саны 35 мыңнан асып, рекордтық деңгейге жеткен. Бұған Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізген ауқымды өрт қауіпсіздігі тексерістері әсер еткен. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылған.

Ал биылғы алғашқы жартыжылдықта әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша жауапқа тартылғандардың жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген.

Сонымен бірге:

  • мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар азайған;
  • тексерушілердің жұмысына кедергі келтіру;
  • рұқсат құжаттарын беру тәртібі мен мерзімін бұзу;
  • кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу;
  • қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзу бойынша жауапқа тартылған шенеуніктер саны артқан.