Ішкі істер министрлігі адам саудасына қарсы іс-қимылды күшейтіп жатыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің Үшінші басқарма бастығы Самат Құсетов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, жыл басынан бері адам саудасына қатысты 80 қылмыс тіркеліп, осы қылмыс түрімен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған.
Алматыда адам саудасымен айналысқан топ ұсталды
ІІМ мәліметінше, Алматыда әрекет еткен қылмыстық топ тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды тауып, оларды заңсыз схемаларға пайдаланған. Күдіктілер олардың атына оң несие тарихын қалыптастырып, қымбат автокөліктер рәсімдеп, кейін көліктерді сатып отырған.
Қылмыстық топтың негізгі ұйымдастырушылары ұсталды. Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
700-ден астам әкімшілік іс қозғалды
Министрлік жезөкшелікпен айналысуға арналған орындарды ұйымдастыру және жыныстық сипаттағы өзге де заңсыз қызметтерді анықтау жұмыстарын да жалғастыруда.
Жыл басынан бері осы бағытта 700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 213 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Сонымен қатар БҰҰ бастамасымен 30 шілдеде атап өтілетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні қарсаңында ІІМ «Адам саудасы – ауыр қылмыс» атты республикалық ақпараттық науқанды бастады. Оның мақсаты – азаматтарды адам саудасының заманауи тәсілдері туралы хабардар етіп, құқықтық сауаттылықты арттыру.