homepage
Stephane Mahe/Reuters

Францияда алапат өрттен 50 мың гектарға жуық жер күлге айналды

24.07.2026, 14:17

Францияда орман өрттері салдарынан шамамен 50 мың гектар жер күлге айналды. Ел билігі биылғы өрт маусымын соңғы жылдардағы ең ауыр кезеңдердің бірі деп бағалап отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Францияның Азаматтық қауіпсіздік қызметінің бас директоры Жюльен Марионның айтуынша, алдағы күндері ауа райы біршама жақсарғанымен, өртті толық сөндіру оңай болмайды. Себебі Жиронда, Вар және Ланд өңірлерінде жаңбыр жаумай, тек құрғақ найзағай ойнауы жиілеген.

20 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Ең ірі өрт ошақтарының бірі елдің оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде тіркелді. Табиғи апат салдарынан 20 мыңнан астам адам, негізінен туристер, қауіпсіз жерге көшірілді.

Өрт салдарынан орман алқаптары мен демалыс орындары жабылып, бірқатар жол қозғалысы шектелді.

Кейбір өңірде электр қозғалтқышы немесе іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің орман аумағына кіруіне уақытша тыйым салынды.

Макрон Еуроодақтан көмек сұрады

Франция президенті Эмманюэль Макрон елдегі күрделі жағдайға байланысты Еуроодақтың Азаматтық қорғаныс тетігін іске қосуды сұрады.

Оның айтуынша, жақын арада Францияға Хорватиядан екі Canadair өрт сөндіру ұшағы, Португалиядан екі Air Tractor ұшағы және Чехия мен Словакиядан екі Black Hawk тікұшағы көмекке келеді.

Макрон мұндай жедел қолдауды Еуропа елдерінің ынтымақтастығының нақты көрінісі деп бағалады.

Қаза тапқандар бар

Франциядағы өрт кезінде осы аптада екі өрт сөндіруші қаза тапты. Сонымен қатар Италияда да табиғи апат салдарынан бір өрт сөндіруші көз жұмған.

Қазіргі уақытта Франция, Италия және Испанияда орман өрттерімен күрес жалғасып жатыр. Мамандар жоғары температура мен құрғақ ауа райы жағдайды одан әрі күрделендіруі мүмкін екенін ескертуде.