ҚР Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 16,75%-ға дейін төмендетілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Банк мәліметінше, пайыздық дәліз бұрынғыдай ±1 пайыздық тармақ деңгейінде сақталды.
Шешімнің басты себептері
Ұлттық банктің мәліметінше, елде жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан баяулап келеді. Маусым айының қорытындысында инфляция 10,3%-ды құрады
. Азық-түлік бағасының өсу қарқыны төмендегенімен, қызмет көрсету саласындағы баға өсімі сақталып отыр.
Сонымен қатар биылғы алғашқы жартыжылдықта Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өссе, тау-кен өндірісін есептемегендегі өсім 5,3%-ды құрады.
Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік салаларында жоғары қарқын сақталып, инвестициялар көлемі 9,6%-ға артқан.
Инфляция тәуекелі әлі де сақталады
Ұлттық банк сыртқы және ішкі тәуекелдердің әлі де жоғары екенін атап өтті.
Олардың қатарында жанар-жағармай бағасы, коммуналдық тарифтердің өзгеруі, тұтынушылық сұраныстың артуы және әлемдік нарықтағы инфляциялық қысым бар.
Реттеуші алдағы шешімдер инфляцияның нақты динамикасына байланысты қабылданатынын мәлімдеді.
Келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте жарияланады.