homepage
Juzmedia.kz

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

24.07.2026, 12:57

ҚР Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 16,75%-ға дейін төмендетілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Банк мәліметінше, пайыздық дәліз бұрынғыдай ±1 пайыздық тармақ деңгейінде сақталды.

Шешімнің басты себептері

Ұлттық банктің мәліметінше, елде жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан баяулап келеді. Маусым айының қорытындысында инфляция 10,3%-ды құрады

. Азық-түлік бағасының өсу қарқыны төмендегенімен, қызмет көрсету саласындағы баға өсімі сақталып отыр.

Сонымен қатар биылғы алғашқы жартыжылдықта Қазақстан экономикасы 4,1%-ға өссе, тау-кен өндірісін есептемегендегі өсім 5,3%-ды құрады.

Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік салаларында жоғары қарқын сақталып, инвестициялар көлемі 9,6%-ға артқан.

Инфляция тәуекелі әлі де сақталады

Ұлттық банк сыртқы және ішкі тәуекелдердің әлі де жоғары екенін атап өтті.

Олардың қатарында жанар-жағармай бағасы, коммуналдық тарифтердің өзгеруі, тұтынушылық сұраныстың артуы және әлемдік нарықтағы инфляциялық қысым бар.

Реттеуші алдағы шешімдер инфляцияның нақты динамикасына байланысты қабылданатынын мәлімдеді.

Келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте жарияланады.