homepage
Alatau Advance Air Group

Астанада алғаш рет әуе таксиі сынақтан өтті

24.07.2026, 11:28

Астанада алғаш рет электрлі әуе таксиінің (eVTOL) демонстрациялық ұшуы өтті. Сынақ «Қазанат» ипподромының аумағында ұйымдастырылып, жобаны қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd.  компаниясы қытайлық AutoFlight өндірушісімен бірлесіп жүзеге асырды ,деп хабарлайды Juzmedia.kz.

200 шақырымға дейін ұшады

Көрсетілім кезінде AutoFlight Prosperity әуе таксиі пайдаланылды. Ол бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған. Аппарат сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.

Алғашқы сынақ ұшуы қауіпсіздік талаптарына сәйкес жолаушыларсыз өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аппарат тік көтерілу мен қонуды, көлденең ұшуды және белгіленген бағыт бойынша қозғалысты сәтті орындаған.

Сондай-ақ бұл электрлі әуе көлігі 13 электрқозғалтқышпен жабдықталған. Ол кәдімгі ұшу аппараттарына қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді және атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды.

Қазақстанда жаңа әуе көлігі жүйесі қалыптасады

Ккомпанияның бас директоры Сергей Хегайдың айтуынша, демонстрациялық ұшу – Қазақстанда қалалық әуе мобильдігін дамытуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі.

Оның айтуынша, елімізде бұл бағытты дамыту үшін заңнамалық негіз қалыптастырылып, қажетті инфрақұрылым салынып жатыр әрі жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық кеңейіп келеді.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электрлі тік көтерілу және қону әуе кемелерін (eVTOL), вертипорттар мен ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйелерін пайдалануға құқықтық негіз қалыптастыратын заңға қол қойған болатын.

Алатауда коммерциялық әуе таксиі іске қосылуы мүмкін

Жоба Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі аясында да жүзеге асырылып жатыр. Мұнда UAM Center Eurasia жобасы бойынша вертипорттар желісі мен цифрлық инфрақұрылым құрылып, болашақта коммерциялық әуе таксиін іске қосу жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, мұндай көлік ірі қалалардағы жол жүру уақытын бірнеше есе қысқартады. Мысалы, Алматыда әуежайдан қала орталығына автокөлікпен бір сағатқа жуық уақыт кетсе, әуе таксиімен бұл жолды 10 минутқа жетпейтін уақытта еңсеруге болады.

Айта кетейік, AutoFlight Prosperity аппараты 29-30 шілде күндері Астанада өтетін «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында «Барыс Арена» алдындағы ашық көрмеде көпшілік назарына ұсынылады.