homepage
Қаржылық мониторинг агенттігі

ҚМА: 2,5 млрд теңге жымқырды деген күдікті Вьетнамнан қайтарылды

24.07.2026, 09:37

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Әділет министрлігінің «Сот сараптамалары орталығы» РМК-де мемлекеттік сатып алулар кезінде 2,5 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырды деген күдікті Вьетнамнан Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2023–2025 жылдарға арналған Есірткіге қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Алайда күдікті орталықтың бұрынғы директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және екі серіктестік жетекшісімен алдын ала сөз байласып, жабдықтардың құнын үш есеге дейін негізсіз қымбаттатып, жалған коммерциялық ұсыныстар арқылы бюджет қаржысын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Бұған дейін сот үкімімен орталықтың бұрынғы директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және екі компанияның жетекшісі кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

2025 жылғы наурызда күдікті халықаралық іздеуге жарияланып, оған қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Биыл ол Вьетнам аумағында ұсталды.

Қаржылық мониторинг агенттігі, Интерполдың Ұлттық орталық бюросы және Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жүргізген бірлескен жұмыстардың нәтижесінде күдікті Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданған. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.