homepage
Juzmedia.kz

Ағза донорлығы: Қазақстанда күту тізімінде 4,7 мыңнан астам пациент тұр

23.07.2026, 17:57

Қазақстанда 16 мыңнан астам адам қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісім берген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Айдар Ситказинов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, Қазақстандағы ағза донорлығы жүйесі бүгінде 40-тан астам донорлық ұйымды, 5 HLA-зертхананы және 11 трансплантация орталығын біріктіреді.

Өткен жылдан бері трансплантация орталықтарының саны 9-дан 11-ге дейін артқан.

Алматыда бірқатар клиника жүрек трансплантациясын жүргізуге лицензия алса, Шымкент, Қызылорда және Ақтөбе қалаларында өңірлік трансплантация орталықтарының желісі кеңейіп келеді.

Күту тізімінде 4,7 мыңнан астам адам тұр

2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша ағза трансплантациясын күту тізімінде 4 739 пациент, оның ішінде 125 бала тіркелген.

Олардың басым бөлігіне бүйрек, бауыр, жүрек немесе өкпе трансплантациясы қажет.

Күту тізіміндегі азаматтардың шамамен 80 пайызы – гемодиализ қабылдап жүрген бүйрек жеткіліксіздігінің терминалдық сатысындағы науқастар.

Донорлыққа келісім бергендер саны өсіп келеді

Соңғы үш жылда қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім бергендердің саны айтарлықтай артқан. Егер 2023 жылы мұндай келісімді шамамен 4,8 мың адам берсе, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша олардың саны 16,1 мыңға жеткен. Сонымен қатар донорлықтан бас тартқандар саны 156 мыңға дейін өскен.

«Соңғы жылдары операциялар саны қайтадан артып келеді. 2025 жылы елімізде қайтыс болған донорлардан 68 трансплантация және бүйрек немесе бауырдың бір бөлігін трансплантациялауды қамтитын 242 туыстық трансплантация жасалды. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сегіз қайтыс болған донор тіркеліп, олардан 30 трансплантация жүргізілді. Тірі донорлардың қатысуымен тағы 121 трансплантация орындалды», – деді Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситказинов.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, әрбір кәмелетке толған азамат емхана немесе eGov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейін ағза доноры болуға келісімін немесе бас тартуын өз еркімен рәсімдей алады. Сонымен қатар барлық ағзаға немесе олардың жекелеген түрлеріне ғана келісім беру мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кетейік, кеше Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына келісім бергенін жариялаған болатын. Министр бұл әр азаматтың жеке таңдауы екенін айтып, мұндай шешім өзге адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін атап өтті.