homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда әрбір екінші жұмысшы ғана тұрақты зейнетақы жарнасын аударады

23.07.2026, 17:38

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 27,7 трлн теңгені құрады. Бұл жыл басынан бері 1,4 трлн теңгеге немесе 5,4 пайызға өскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сарапшылар мұны ресми жұмыспен қамтылғандар санының артуымен, жалақының көбеюімен және инвестициялық табыстың өсуімен байланыстырады.

Инвестициялық табыс бүгінде барлық зейнетақы жинағының 40 пайыздан астамын құрап отыр.

Жарнаны әрбір екінші жұмысшы ғана тұрақты төлейді

Соған қарамастан, сарапшылар маңызды мәселеге назар аударды. Елде жыл бойы тұрақты түрде (9–12 ай) зейнетақы жарнасын аударатындар саны 4,7 миллион адам, яғни жұмыс күшінің жартысына да жетпейді.

Бұл көптеген азаматтың болашақта жеткілікті көлемде зейнетақы жинай алмау қаупі бар екенін көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, негізгі міндет – зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануды кеңейту емес, халықтың тұрақты жарна төлеу мүмкіндігін арттыру.

Инвестициялық басқару жүйесі дамып келеді

Қазір зейнетақы активтерінің 99,6 пайызы Ұлттық банктің басқаруында. Жекеменшік басқарушы компаниялардың үлесі әзірге 0,4 пайызды ғана құрайды.

Биылғы қаңтар–мамыр аралығында тұрғын үй мен емделуге арналған зейнетақы төлемдері 308 млрд теңге болса, осы кезеңде қорға түскен зейнетақы жарналары 1,5 трлн теңгеге жуықтады. Бұл жинақ көлемінің әрі қарай өсуіне мүмкіндік беріп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, алдағы жылдары жинақтаушы зейнетақы жүйесінің рөлі арта түседі.

Сондықтан ресми жұмыспен қамтуды көбейту, халық табысын өсіру және зейнетақы активтерінің тұрақты табыстылығын қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі болып қала береді.