homepage
Juzmedia.kz

Телефон сатып аларда абай болыңыз: Қазақстанда жаңа талап енгізілді

23.07.2026, 16:08

Қазақстанда ұялы телефондарды верификациялауға қатысты жаңа талаптар енгізілді. Енді елде өндірілген немесе шетелден әкелінген құрылғылардың заңды айналымы арнайы тексеруден өтеді. Бұл шара тұтынушылардың құқығын қорғауға және заңсыз әкелінген телефондардың сатылуын азайтуға бағытталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінен хабарлағандай, верификация кезінде телефонның IMEI-коды халықаралық GSMA дерекқоры арқылы тексеріліп, құрылғының Қазақстанға заңды түрде әкелінгені немесе өндірілгені анықталады.

Қандай телефон сапасыз тауар болып саналады?

Жаңа заңға сәйкес, верификациядан өтпеген ұялы телефондар тиісті емес сападағы тауар ретінде танылады.

Мұндай құрылғыны сатып алған тұтынушы заң бойынша:

  • телефонды дәл сондай құрылғыға ауыстыруды;
  • басқа модельге айырбастауды;
  • кемшілігін тегін жөндетуді;
  • жөндеуге кеткен шығынды өтеуді;
  • бағасын төмендетуді;
  • немесе сатып алу-сату шартын бұзып, төленген ақшаны толық қайтаруды талап ете алады.

Бұл талаптардың барлығы тек сатушыға қойылады.

Сатушыларға жаңа міндет жүктеледі

Енді сатушылар телефонды сатпас бұрын оның верификация мәртебесін міндетті түрде тексеруге тиіс. Сонымен қатар сатып алушыға құрылғының сәйкестендіру кодын (IMEI) ұсынуы және оны сатып алу фактісін растайтын құжатта көрсетуі қажет.

Бұл талаптар интернет-дүкендер мен электрондық сауда алаңдарына да қолданылады. Сондай-ақ заң верификациядан өтпеген ұялы телефондарды сатуға тікелей тыйым салады.

Жаңа нормалар тұтынушыларды заңсыз әкелінген құрылғылардан қорғап, интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алуды көздейді.