homepage
Juzmedia.kz

Бірыңғай QR жүйесі іске қосылды: кәсіпкерлер үшін не өзгереді

23.07.2026, 15:34

Қазақстанда 19 шілдеден бастап мобильді төлемдердің жаңа банкаралық жүйесі жұмыс істей бастады. Енді тұтынушылар кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы кез келген банктің POS-терминалында Бірыңғай QR-кодпен төлем жасай алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жүйеге техникалық қызмет көрсетуді Ұлттық банктің еншілес ұйымы – Ұлттық төлем корпорациясы жүзеге асырады. Жаңа сервис кәсіпкерлерге бір терминал арқылы әртүрлі банктің QR-төлемдерін қабылдауға мүмкіндік береді.

Ұлттық банктің мәліметінше, сатып алушылар үшін Бірыңғай QR арқылы төлем жасау тегін. Ал банкаралық QR-төлемдер бойынша кәсіпкерлер үшін алынатын комиссия өзге банктің картасымен төлем қабылдаған кездегі комиссиядан жоғары болмайды.

Ұлттық банк жаңа жүйенің жұмысы мен банктердің тарифтік саясатын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар алдағы уақытта жүйе негізінде төлем жасау туралы сұрау жіберу, мемлекеттік органдармен есеп айырысу және трансшекаралық төлемдер сияқты жаңа қызметтер кезең-кезеңімен іске қосылады.

Ведомствоның мәліметінше, 17 шілдеден бері жүйе арқылы 1 миллионға жуық транзакция өңделген. Бұл қазақстандықтардың жаңа төлем сервисіне қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.