homepage
Juzmedia.kz

Ақтөбеде жасөспірім суға батып көз жұмды

23.07.2026, 14:23

Ақтөбе облысында суға бату салдарынан тағы бір қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 23 шілдеде болған. Суға батқан 16 жастағы жасөспірімнің денесін құтқарушылар судан алып шыққан.

Төтенше жағдайлар департаменті маусым айынан бастап судағы оқиғаларды мемлекеттік есепке алу тәртібі өзгергенін атап өтті. Енді есепке тек мемлекеттік статистикаға енгізілетін табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар ғана алынады.

Осыған байланысты ведомство 11 шілдеде тіркелген екі қайғылы оқиғаны да еске салды.

Сол күні Ақтөбе қаласының Алматы ауданындағы Сазды өзеніне 1984 жылы туған ер адам батып кеткен. Құтқарушылар оның денесін жағадан шамамен 30 метр қашықтықтан, 3 метр тереңдіктен алып шыққан.

Сондай-ақ Қобда ауданындағы Қарақұдық ауылдық округіне қарасты Көктоғай ауылы маңындағы Қарақобда өзенінде 1990 жылы туған азамат суға кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, ол шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен. Марқұмның денесін оқиға орнында болған адамдар судан шығарған.

Қазіргі таңда ресми мәліметке сәйкес, Ақтөбе облысында табиғи сипаттағы екі төтенше жағдай тіркелген.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, рұқсат етілмеген және жабдықталмаған орындарда шомылмауға, сондай-ақ балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды.