homepage
Depositphotos.com

Жарты жылда Қазақстаннан шетелге қанша млрд теңге аударылған

23.07.2026, 12:55

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында қазақстандықтар халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге 238 млрд теңге жіберген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға аз. Ал шетелден Қазақстанға түскен қаражат көлемі 78,1 млрд теңгені құрап, 9,9%-ға төмендеген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ranking cарапшыларының мәліметінше, қатарынан үшінші жыл қазақстандықтар шетелге елге келетін қаражаттан шамамен үш есе көп ақша жіберіп келеді.

2022 жылы халықаралық ақша аударымдары рекордтық деңгейге жеткен болатын. Сол кезде қаңтар–мамыр аралығында Қазақстаннан шетелге 391,4 млрд теңге аударылса, шетелден 178,8 млрд теңге түскен.

Биылғы көрсеткішпен салыстырғанда сыртқа жіберілген қаражат көлемі 39,2%-ға, ал елге келген ақша 2,3 есеге азайған.

Ақша қай елдерге көп аударылады?

Қазақстаннан ақша аударылатын негізгі бағыт бұрынғыдай Ресей болып отыр. Биылғы бес айда бұл елге 97,8 млрд теңге жіберілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8%-ға көп.

Ресейдің жалпы аударымдағы үлесі 41,1%-ға жеткен.

Екінші орында Өзбекстан тұр. Бұл елге 50,2 млрд теңге аударылған, алайда көлемі өткен жылмен салыстырғанда 26,7%-ға азайған.

Түркияға жіберілген қаражат 38,7 млрд теңгені құрап, 22,7%-ға төмендеген.

Жалпы, Ресей, Өзбекстан және Түркияға бағытталған аударымдар Қазақстаннан шетелге жіберілген барлық қаражаттың 78,5%-ын құрайды.

Шетелден ақша қай елдерден келеді?

Қазақстанға ақша ең көп келетін ел де – Ресей. Алайда биыл бұл елден келген аударым көлемі 13,7%-ға азайып, 17,9 млрд теңгені құрады.

Екінші орынға АҚШ шықты. Бұл елден түскен қаражат 13,2 млрд теңгеге жетіп, 4,2%-ға өскен.

Ал Түркиядан келген ақша көлемі 20,2%-ға артып, 9,7 млрд теңгені құрады. Осылайша, Түркия бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстанды басып озды.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, биылғы бес айда халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жүзеге асқан сыртқа да, ішке де ақша аударымдарының көлемі қысқарғанымен, қазақстандықтар шетелге әлі де елге келетін қаражаттан үш есе көп ақша жіберіп отыр.