homepage
Instagram/almaty.police

Үш әйелі барын айтып мақтанған алматылық блогер жауапқа тартылды

23.07.2026, 11:58

Алматыда әлеуметтік желіде көп әйел алуды насихаттаған блогер әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында ер адамның Қазақстан заңнамасына және қоғамдағы моральдық-этикалық құндылықтарға қайшы өмір салтын ашық түрде насихаттаған видеолары анықталған.

Автордың жеке басы анықталып, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша құқыққа қайшы контент орналастырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, профилактикалық әңгімеден кейін азамат әлеуметтік желідегі парақшасынан барлық жарияланымын өз еркімен өшірген.

Бұған дейін блогер Instagram желісінде үш әйелі және тоғыз баласымен бірге тұратынын айтып, көпбалалы отбасын асырауда қаржылық қиындықтарға тап болғанын жариялаған болатын. Бұл жазбалар әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.

Алматы полициясы әлеуметтік желілердің қоғамдық ақпараттық кеңістік екенін еске салып, заң талаптарына және қоғамда қалыптасқан моральдық-этикалық нормаларға қайшы мінез-құлықты насихаттайтын контентті тарату заңмен жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан заңнамасына сәйкес елде бір ғана ресми неке танылады, ал бірнеше адаммен заңды некеге тұруға жол берілмейді.