Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға қарыз шартына қоса қарыз алушы ретінде қол қоймас бұрын барлық тәуекелді мұқият бағалауға кеңес береді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қоса қарыз алушы – негізгі қарыз алушымен бірге кредит шартына қол қоятын және банк алдындағы міндеттемелерге бірдей жауапты тұлға. Егер негізгі қарыз алушы несиесін төлей алмаса, банк берешекті толық немесе ішінара қоса қарыз алушыдан өндіріп алуға құқылы.
Көбіне қоса қарыз алушы ипотекалық несие рәсімдеу кезінде тартылады. Мұндай жағдайда банк екі адамның ортақ табысын есепке алып, кредит беру мүмкіндігін қарастырады.
Алайда қоса қарыз алушы негізгі қарыз алушымен тең жауапкершілік алады. Егер несие уақытында өтелмесе, кредитор оның банк шоттарындағы қаражатты өндіріп алуға, мүлкіне талап қоюға немесе сот арқылы қарызды өндіріп алуға құқылы.
Агенттік қоса қарыз алушының кепілгерден айырмашылығы бар екенін де ескертті. Кепілгердің жауапкершілігі кепілдік шартында көрсетілген көлеммен шектелсе, қоса қарыз алушы кредит бойынша барлық міндеттемеге толық жауап береді.
Сондықтан мамандар қоса қарыз алушы болуға келісер алдында шарт талаптарын мұқият оқып, негізгі қарыз алушы төлем жасай алмай қалған жағдайда өз қаржылық мүмкіндігіңізді алдын ала бағалауға кеңес береді.
Агенттіктің мәліметінше, кредитке қатысты кез келген шешім барлық тәуекелді жан-жақты саралағаннан кейін ғана қабылдануы тиіс. Өйткені міндеттемені дұрыс бағаламау кейін елеулі қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін.