homepage
Қаржылық мониторинг агенттігі

Түркістанда 3 млрд теңге жымқырған қылмыстық топ анықталды

23.07.2026, 10:47

Түркістан облысында 3 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесіне сот үкімі шықты. Олардың әрқайсы қылмыстағы рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2016-2021 жылдар аралығында «КТ Яссы Несие» ЖШС басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ірі қара мал сатып алуға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыны жымқырудың заңсыз схемасын ұйымдастырған.

Тергеу барысында несие алу үшін жалған тұлғалардың атына шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркелгені анықталды. Сонымен қатар қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, жалған құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүліктері ұсынылған.

Агенттік мәліметінше, несиелеу мамандары, бағалаушылар мен нотариустар да заңсыз әрекетке қатысып, жалған қорытындылар мен бағалау есептерін әзірлеп, кепіл құжаттарын рәсімдеу арқылы несиенің заңды түрде берілгендей көрініс қалыптастырған.

Тергеу нәтижесінде 33 қылмыстық құқықбұзушылық анықталып, 24 жалған несие рәсімделгені белгілі болды. Ал кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысан көрсетілген.

Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық нысан және 4 автокөлік тәркіленді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.