homepage
© AFP 2024 / Giovanni Isolino

Италиядағы орман өрті: тергеу кезінде жаға ұстатарлық жайт анықталды

23.07.2026, 10:03

Италияның оңтүстігіндегі орман өрттерін тергеу барысында құқық қорғау органдары жаға ұстатарлық деректі анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Италияда орманды өртегендер мысықтарды пайдаланған

Тергеушілер мәліметінше, өрт қоюшылар мысықтардың құйрығына тез тұтанғыш зат сіңірілген шүберек байлап, оларды орманға жіберіп отырған.

Бұл туралы Калабрия өңірінің Азаматтық қорғаныс агенттігінің өкілі Доменико Костарелла мәлімдеді.

Оның айтуынша, оқиға орнынан жанғыш затқа малынған шүберектер, жағылған шамдар және баяу тұтанатын құрылғылар да табылған. Мұның бәрі орманға әдейі өрт қойылғанын көрсетеді.

Сыйақы жарияланды

Италияның жануарлар мен қоршаған ортаны қорғау қауымдастығы полицияға арыз беріп, мысықтарды осылай пайдаланған адамдар туралы ақпарат бергендерге 1000 еуро көлемінде сыйақы тағайындады.

Қазір өрт сөндірушілер Калабриядағы Поллино ұлттық паркінің маңында тілсіз жаумен күресті жалғастырып жатыр.

Италиялық RAI телеарнасының мәліметінше, соңғы бір тәуліктің өзінде өңірде 160-тан астам өрт сөндіру операциясы жүргізілген.

Мұндай тәсіл бұрын да қолданылған

CNN мәліметінше, Италияның оңтүстігінде мысықтарды өрт тарату үшін пайдалану алғаш рет тіркеліп отырған жоқ.

2016 жылы Сицилия билігі ұлттық парктегі өрттерге мафияның қатысы барын айтып, дәл осындай әдіс қолданылғанын хабарлаған. Бір жылдан кейін бұл тәсіл Неаполь маңында, Везувий жанында да анықталған.

Сарапшылардың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топтар кейде жерді арзанға сатып алу немесе оны кейін коммерциялық мақсатта пайдалану үшін әдейі өрт ұйымдастыруы мүмкін.

Ал Калабрияның Азаматтық қорғаныс агенттігі мұндай қылмыстардың алдын алу үшін құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, қоғамның көзқарасын өзгерту де маңызды екенін атап өтті. Оның өкілдері мұндай әрекеттерді адамгершілікке жатпайтын қылмыс деп бағалады.