homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанда ауыр жүк көліктеріне уақытша шектеу енгізіледі

22.07.2026, 17:27

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін ескертті, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Шектеу дара оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне қатысты қолданылады. Ол ауа температурасы +25°C-тан жоғары болған кезде ғана күшіне енеді. Бұл – ауыр жүк көліктеріне толық тыйым емес, жазғы маусымда жолдарды сақтауға бағытталған уақытша шара.

Мамандардың айтуынша, аптап ыстықта асфальт жұмсарып, ауыр көліктердің әсерінен жолда ойықтар мен басқа да ақаулар пайда болуы мүмкін.

Шектеу қай өңірлерде және қай уақытта қолданылады?

1 маусым – 15 тамыз аралығында, ауа температурасы +25°C-тан асқанда сағат 11:00-21:00 аралығында мына өңірлерде шектеу енгізіледі:

  • Абай;
  • Ақмола;
  • Ақтөбе;
  • Шығыс Қазақстан;
  • Батыс Қазақстан;
  • Қарағанды;
  • Қостанай;
  • Павлодар;
  • Солтүстік Қазақстан облыстары.

1 маусым – 31 тамыз аралығында, ауа температурасы +25°C-тан жоғары болған кезде сағат 10:00-22:00 аралығында шектеу мына өңірлерде қолданылады:

  • Алматы;
  • Атырау;
  • Жамбыл;
  • Қызылорда;
  • Маңғыстау;
  • Түркістан облыстары;
  • Жетісу;
  • Ұлытау облыстары.

Белгіленген уақыттан тыс немесе ауа температурасы +25°C-тан төмен болса, көліктер салмақтық талаптарды сақтай отырып еркін қозғала алады.

Сонымен қатар Астана – Петропавл автожолының 68–196 шақырым аралығында арнайы талап енгізілген. Бұл учаскеде ауа температурасы +25°C-тан жоғары болғанда дара оське түсетін жүктемесі 9 тоннадан асатын көліктердің қозғалысына шектеу қойылады.

Қандай көліктерге шектеу қолданылмайды?

Жазғы шектеу:

  • халықаралық жүк және жолаушылар тасымалына;
  • тез бұзылатын азық-түлік тасымалдайтын көліктерге;
  • қауіпті жүк тасымалдайтын көліктерге;
  • төтенше жағдайларды жоюға жұмылдырылған техникаға;
  • жол жөндеу жұмыстарына тартылған арнайы техникаға;
  • әскери және гуманитарлық жүк тасымалдайтын көліктерге қолданылмайды.

«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге жолға шығар алдында бағыт пен уақытты алдын ала жоспарлап, ауа райын ескеруге және көлік осьтеріне түсетін жүктемені бақылауға кеңес береді.

Республикалық жолдардағы жағдай мен уақытша шектеулер туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығы арқылы білуге болады.