homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанда сауда 36 трлн теңгеден асты: қай өңірлер көш бастады

22.07.2026, 16:23

2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы сауда көлемі 36,2 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы ресми статистикада айтылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Еnergyprom сарапшыларының мәліметіне сүйенсек, көрсеткіштердің өскеніне қарамастан, өңірлер арасындағы айырмашылық ресми деректердің шынайылығына қатысты сұрақ туындатады.

Көтерме сауда негізгі өсімді қамтамасыз етті

Жалпы сауда көлемінің 24,5 трлн теңгесі көтерме саудаға тиесілі. Оның нақты көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6 пайызға артқан.

Ал бөлшек сауда көлемі 11,5 трлн теңгені құрап, 3,8 пайызға өсті.

Бөлшек сауда құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлар басым болғанымен, ең жоғары өсім азық-түлік өнімдерінің сатылымында тіркелген.

Бөлшек сауда көлемі бойынша Алматы көш бастап тұр. Одан кейін Астана, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары орналасқан.

Статистикадағы алшақтық

Сонымен қатар сарапшылар ресми статистикадағы өңірлік айырмашылықтардың тым үлкен екенін атап өтті.

Мәселен, ресми мәліметке сәйкес, Алматыдағы бір тұрғынның бөлшек саудадағы шығыны Түркістан облысымен салыстырғанда 16 есе жоғары.

Ал Астанада бұл көрсеткіш шамамен 9 есе, Шымкентте 4 еседен астам артық.

Мамандар мұны ірі қалалардың сауда орталығы ретіндегі рөлімен түсіндіргенімен, мұндай үлкен айырмашылықтың тағы бір себебі ретінде бөлшек сауданың едәуір бөлігінің ресми есепке енбей, «көлеңкелі» айналымда қалуын жоққа шығармайды.