homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанға аптап ыстық қайта оралады

22.07.2026, 15:44

23-25 шілде аралығында Қазақстан аумағында ауа райы күрт құбылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz

«Қазгидромет» болжамынша, елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнаса, батыс өңірлерде аптап ыстық қайта күшейеді.

Елдің көп бөлігінде жаңбыр мен бұршақ жауады

Синоптиктер мәліметінше, алдағы күндері Қазақстан аумағы арқылы солтүстік-батыс циклоны өтеді. Соның әсерінен республиканың басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Кей өңірде нөсер жауын жауып, бұршақ түсуі мүмкін.

Циклонмен бірге келетін салқын ауа массаларының әсерінен елдің көптеген өңірінде ауа температурасы төмендейді.

Батыста 44 градусқа дейін ыстық болады

Ал батыс өңірлерде керісінше, Иран аумағынан келетін жылы әрі құрғақ ауа массаларының ықпалынан жауын-шашын тоқтап, аптап ыстық күшейеді.

«Қазгидромет» болжамынша, күндіз ауа температурасы +34...+39 градусқа, ал жекелеген аудандарда +40...+44 градусқа дейін көтеріледі.

Дәрігерлер сақ болуға шақырады

Денсаулық сақтау министрлігі мұндай ыстық күндері күн өту қаупі жоғары екенін ескертті.

Күн өткен кезде адамның дене қызуы көтеріліп, қатты әлсіздік, бас ауруы, бас айналу, жүрек айну, сананың шатасуы немесе есінен тану белгілері байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда дереу жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен адамды салқын жерге апарып, денесін салқындату қажет.

Мамандар тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішіп, тікелей күн сәулесінен сақтануға кеңес береді.