homepage
primeminister.kz

Мектепке «тәуіптің» келуі және оған ақша жинау: министр өз ойын айтты

Juzmedia. kz
10.09.2024, 15:15

Бұған дейін Жамбыл облысындағы Тереңөзек ауылында мектепке арнайы шақыртумен жергілікті тәуіптің келгені туралы ақпарат тараған болатын. Оны күтіп алуға мектеп басшысы мұғалімдерден ақша да жианаған көрінеді. Бұл туралы осы ауылдың тұрғындары мен педагогтар әлеуметтік желіде жазып, видеоматериалдармен бөлісті.

Қоғамда туған резонанстан кейін мектеп директоры мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан қуылды. Тұрғындар болса «завучтың» жөнсіз жазаланғанын айтып, тағы да шуласты. Халық оның өте білікті маман екенін айтуда.

Бүгін Үкімет үйінде болған баспасөз мәжілісінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы жайтқа байанысты өз ойын айтты.

«Бұл тұрғыда қатаң ескертулер жасалған еді. Себебі мектеп оқу-тәрбие ісімен айналысуы керек. Сондықтан мектепке бөтен адамдардың кіруіне қатысты шектеу қоятын талаптар бар. Мектепте болатын іс-шаралардың барлығына оқу орнының бірінші басшысы жауапты. Жергілікті атқарушы органдарда тиісті зерделеу жұмыстарынан кейін тиісті шешім жасалды. Олар толыққанды тексергеннен кейін, мектеп басшысы жазаланды.

Ал, оның орынбасарына келсек, расында да ол адамның тікелей қатысы болса, қандай мықты маман атанса да жауапкершілікті мойнына алуы керек. Дегенмен, бұл мәселеде орынбасарына қатысты тағы да зерделейміз», - деді Ғани Бейсембаев.

Мектеп басшысы мектепке тәуіпті не үшін әкелгенінің нақты себебі әзірге белгісіз.