homepage
Аlmaty.tv

Денсаулық сақтау ресурстарын басқаратын бірыңғай платформа іске қосылды

22.07.2026, 15:14

Қазақстанда алғаш рет денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы – Health Intelligence Platform іске қосылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жүйе медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, медициналық техника және инфрақұрылым туралы мәліметтерді бір цифрлық кеңістікке біріктіреді.

Бірыңғай дерекқор қалыптасты

Бұған дейін денсаулық сақтау саласына қатысты ақпарат әртүрлі жүйеде сақталып келген.

Енді барлық негізгі мәлімет бір платформада жинақталып, елдегі жағдайды жедел талдауға және басқарушылық шешімдерді тиімді қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ әрбір медициналық ұйымның лицензиялары, кадрлық құрамы, жабдықтары мен инфрақұрылымы қамтылған бірыңғай «цифрлық паспорты» жасалады.

Медициналық техниканың жұмысы толық бақыланады

Жүйе медициналық техниканың сатып алынған сәтінен бастап техникалық қызмет көрсетуі, жөндеуі және тозу деңгейіне дейінгі барлық кезеңді бақылайды.

Бұл жабдықтарды уақытылы жаңартуға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Платформа медициналық ұйымдардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін, мамандардың сертификаттарын және кадрмен қамтамасыз етілу деңгейін автоматты түрде талдайды.

Соның арқасында көптеген тексеруді қашықтан жүргізуге мүмкіндік туады.

Пилоттық кезеңде лицензиялық талаптарға сай келмейтін 38 медициналық ұйым анықталды.

Сонымен қатар жарамдылық мерзімі өткен сертификаты бар медицина қызметкерлерінің саны 3 637-ден 2 448-ге дейін азайды.

Басқару тиімділігі артады

Министрлік мәліметінше, платформа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен толық интеграцияланған.

Бұл деректердің нақтылығын арттырып, ақпаратты қолмен енгізуді азайтады.

Жаңа жүйе өңірлердегі жағдайды жедел талдауға, медицина кадрларына қажеттілікті болжауға, медициналық техниканы сатып алуды жоспарлауға және тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.