homepage
ҚР Жоғарғы соты

Салтанат Нүкенованың өлімі: Бишімбаевтың туысы мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

22.07.2026, 14:39

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша қылмысты жасырғаны үшін сотталған Бақытжан Байжанов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Бұл туралы оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаев мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, 22 шілдеде Степногорск қалалық соты Бақытжан Байжановқа рақымшылық жасау туралы актіні қолданып, оны бірден босату жөнінде шешім қабылдаған.

«Бүгін сот отырысы өтті. Онда сот Бақытжан Байжановқа рақымшылық жасау туралы актіні қолданып, оны дереу босату туралы қаулы шығарды. Оның жазасының өтелмеген бөлігі үш айдан сәл ғана асатын еді. Бүгін ол отбасына оралады», – деді Ғазиз Ынтықбаев.

Адвокаттың сөзінше, Байжановтың жазасының аяқталуына үш айдан сәл астам уақыт қалған.

Бұған дейін де Бақытжан Байжанов жазасын қысқарту туралы бірнеше рет сотқа жүгінген. 2025 жылдың шілдесінде сот оның рақымшылық туралы заңға сәйкес жазасын қысқарту жөніндегі өтінішін қарап, қанағаттандырған болатын. Сол кезде жаза мерзімі үштен біріне қысқартылып, оның 2026 жылдың қараша айында босатылатыны айтылған еді.

Сот шешімі түзеу мекемесінің оң мінездемесі негізінде қабылданған. Колония әкімшілігі Байжановтың тәртібі үлгілі болғанын, екі мәрте көтермеленгенін және сот үкімімен өндірілген талаптардың толық өтелгенін хабарлаған. Сонымен қатар прокурор да оның өтінішін қолдаған.

Еске салайық, 2023 жылғы 9 қарашада Астанадағы Gastro Center ғимаратында Салтанат Нүкенова қаза тапқан болатын. Бұл іс бойынша оның жұбайы, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев кінәлі деп танылып, 2024 жылдың мамырында 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға сотталған еді.