Ақтөбе облысының Хромтау қаласында жоғалып кеткен жергілікті тұрғынның өліміне қатысты резонанс тудырған қылмыстың мән-жайы белгілі болды. Полицияның мәліметінше, ер адамның кесілген басы күдіктілердің бірінің үйіндегі тоңазытқыштан табылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға 2024 жылғы 11 қазанда басталған. Сол күні жоғалған азаматтың жұбайы полицияға күйеуінің бір аптаға жуық уақыт бойы хабарсыз кеткенін айтып, арыз түсірген. Осыдан кейін жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстары басталған.
Тергеу барысында полицейлер жоғалған азаматтың туыстарынан, көршілерінен, әріптестері мен таныстарынан жауап алып, оның араласқан ортасын толық тексерген. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары марқұмның екі танысына шыққан.
Олардың тұрғылықты жерін тінту кезінде қылмысқа қатысы бар заттай айғақтар, соның ішінде қаза тапқан ер адамның кесілген басы тоңазытқыштан табылған. Жиналған дәлелдердің негізінде күдіктілер өз кінәларын мойындаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс үш ер адамның бірге ішімдік ішіп отырған кезінде туған жанжалдан кейін болған. Күдіктілер кісі өлтіргеннен кейін ізін жасыру үшін мәйітті бөлшектеп, дене бөліктерін пакеттерге салып, қала сыртындағы тоған маңына апарып тастаған. Ал марқұмның басы күдіктілердің бірінің мұздатқышында сақталған.
Тергеу барлық мән-жайды анықтап, жеткілікті дәлелдемелер жинағаннан кейін іс сотқа жолданған.
2025 жылдың ақпанында сот үкімі шығып, негізгі айыпталушы адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға сотталды.