homepage
Juzmedia.kz

25 тамыздан бастап жүргізушілер үшін жаңа талаптар күшіне енеді

22.07.2026, 10:27

Қазақстанда 2026 жылғы 25 тамыздан бастап жүргізушілерге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Өзгерістердің қатарында 65 жастан асқан жүргізушілерге міндетті медициналық тексеру, жол ережесін өрескел бұзғандарға теориялық емтиханды қайта тапсыру және мас күйде көлік басқарғандарға жазаны күшейту қарастырылған.

Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енетінін мәлімдеді.

Енді 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде тексеріледі. Егер жүргізушінің тексеруден өткені расталмаса немесе көлік басқаруға қарсы көрсетілім анықталса, оның жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады.

Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруы мүмкін. Бұл талап жол қиылысында апаттық жағдай туғызу, жылдамдықты бірнеше рет асыру, қауіпті маневр жасау немесе басып озу ережесін өрескел бұзу сияқты жағдайларда қолданылады. Егер жүргізуші екі ай ішінде емтиханға келмесе, көлік басқару құқығынан айырылады.

Бұдан бөлек, мас күйде көлік басқарғандарға қатысты жауапкершілік күшейтілді. Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылған жағдайда да құқық бұзушы 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар осы мерзім ішінде оны ала алмайды.

ІІМ бұл өзгерістер жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталғанын атап өтті.