Шетелден әкелінген қолданыста болған көлік бағасының арзандығымен қызықтырады. Алайда мұндай көліктердің төмен құны көбіне жасырын техникалық ақауларға, заңдық тұрғыдан мәселелерге немесе тіркеуге қатысты қиындықтарға байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еnergyprom сарапшылары «сұр импорт» арқылы әкелінген автокөліктерді сатып алмас бұрын бірнеше маңызды жайтқа назар аударуға кеңес береді.
Ескі көліктердің үлесі артып келеді
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға 158,3 мың жеңіл автокөлік импортталған. Оның 38,4 мыңы – үш жылдан асқан қолданыста болған көліктер. Ал олардың басым бөлігі бес және жеті жылдан асқан.
Мамандардың айтуынша, көлік ескірген сайын қозғалтқыш, беріліс қорабы, электроника мен қауіпсіздік жүйелеріндегі ақаулар ықтималдығы артады.
Содай-ақ Қазақстандағы автопарктің өзі де ескіріп барады. Биылғы мамырдағы дерек бойынша, елдегі жеңіл көліктердің 42,2%-ы 20 жылдан асқан.
Арзан бағаның артында қандай қауіп бар?
Сарапшылар ең үлкен тәуекел кедендік рәсімдеуден өтпеген немесе шетелдік тіркеуде жүрген көліктерге қатысты екенін айтады. Мұндай автомобильді кейін заңдастыру үшін кедендік төлемдер, ҚҚС, утильалым және алғашқы тіркеу алымы төленеді.
Үш жылдан асқан көліктер үшін алғашқы тіркеу алымы 500 АЕК-ті құрайды.
Сонымен қатар сатып алушы жалған немесе өзгертілген VIN-кодқа, басқа елде кепілде немесе іздеуде тұрған көлікке, суға батқан немесе ауыр жол апатынан кейін қалпына келтірілген автомобильге тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда көлікті тіркеу мүмкін болмай, тіпті тәркіленуі ықтимал.
Мамандар қандай кеңес береді?
Мамандар көлік сатып алар алдында оның заңдық тарихын, VIN-кодын, кедендік рәсімдерінің толық өткенін және техникалық жағдайын мұқият тексеруге шақырады.
Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы бес айында шетелдік жүргізушілерге 155,8 мың әкімшілік ұйғарым шығарылып, 2,2 млрд теңге айыппұл салынған. Оның тек 844,2 млн теңгесі ғана өндірілген.
Сарапшылардың пікірінше, қолданыста болған көліктің шынайы құны оның бағасымен емес, заңдық тазалығы, техникалық жай-күйі және шығу тарихымен анықталады.