Мавритания жағалауында Еуропаға теңіз арқылы жетуге әрекеттенген кемінде 144 адам қаза тауып немесе із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы (UNHCR) мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұйым мәліметінше, қайғылы жағдай 14-18 шілде аралығында Мавритания жағалауында жүргізілген үш құтқару операциясынан кейін анықталған.
Ең ауыр оқиға Гамбияның Буфалото елдімекенінен шыққан қайықта болған. Кеме ашық теңізде 25 күн бойы қалқып жүргеннен кейін 18 шілдеде құтқарылған. Оның бортынан 143 адамның мәйіті табылып, 38 адам аман қалған.
БҰҰ өкілі Мэтт Солтмарштың айтуынша, аман қалғандардың арасында сапар кезінде бүкіл отбасынан айырылған екі бала да бар. Қазір олар ауруханада ем қабылдап жатыр.
Ал 14 шілдеде Мавритания жағалауына жеткен тағы бір қайықтағы бір адам кейін көз жұмған.
Осылайша, үш құтқару операциясы барысында 387 адам құтқарылды.
БҰҰ халықаралық қауымдастықты мигранттар шыққан елдерде білім алу мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге шақырды.
Ұйым өкілдерінің пікірінше, бұл адамдардың өміріне қауіп төндіретін теңіз жолын таңдауға мәжбүр болуын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар БҰҰ дерегіне сәйкес, биыл Еуропаға теңіз арқылы жеткен мигранттар мен босқындар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үштен бірінен астамға азайған.
Жыл басынан бері Еуропаға 40 мыңнан астам адам жетсе, 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 65 407 адамды құраған.