homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанда баспана бағасы арзандай ма - министр жауап берді

21.07.2026, 15:36

Қазақстанда тұрғын үй бағасының төмендеуіне негіз жоқ. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Министрдің айтуынша, зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінің өзгеруі тұрғын үй нарығындағы бағаға әсер еткен жоқ.

Ол жылдың алғашқы айларында баспана нарығындағы белсенділік біршама бәсеңдегенімен, жаз мезгілінде сұраныс дәстүрлі түрде артатынын айтты.

«Мен тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуі немесе төмендеуі туралы болжам жасағым келмейді. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Дегенмен қазіргі таңда бағаның төмендеуіне негіз жоқ», – деді  Ерсайын Нағаспаев.

Министр коммерциялық тұрғын үй бағасын мемлекет реттемейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сегментте баға сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады.

Қазір елімізде коммерциялық тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны 617 мың теңгеден аспайды.

Ал әлеуметтік тұрғын үй бағасы мемлекет бақылауында болады және оның қымбаттауына жол берілмейді.

Министрдің айтуынша, әр өңір үшін шекті құн көрсеткіштері бекітілген, сондықтан әлеуметтік тұрғын үйдің бағасы бақылауда сақталады.