homepage
Depositphotos.com

Қаскелеңде үшем шетінеп кетті: туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр

21.07.2026, 14:57

Алматы облысында жаңа туған үшем шетінеп кетті. Қара жамылған отбасы бұған дәрігерлерді айыптап отыр. Өйткені жүктіліктің 25 аптасында суы кетіп, перзентханаға түскен әйелді дәрігерлер табиғи жолмен босандырыпты. Негізі кесір тілігі жасалуы керек еді, дейді жақындары. Тіпті екі сәбидің шетінегенін бірден айтып, үшіншісін жасырып қалды деп қапалы. Үш нәрестені жер қойнына тапсырғандар енді мән-жайды анықтап, кінәлі тұлғаларды жазалауды сұрайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Үш сәбиді құрсағында көтергенмен, құшағына ала алмаған ананың зары. Шақалақтарын жоқтаған келіншек өз-өзіне келе алар емес. Тіпті перзентхана дәлізінде есінен танып қалды. Өткен жұмада жүктіліктің 25-аптасында келіншектің суы кетіп, Қаскелең қаласындағы перзентханаға жеткізілген екен. Дәрігерлер үшемге аяғы ауыр әйелге толғақ шақыратын екпе салып, табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған.

«Таңғы сағат 7-де келінім үшемді дүниеге әкелді. Негізі біз қалаға барып, кесір тілігі арқылы босануымыз керек еді. Алайда осындай төтенше жағдайда ұлым дәрігерлерге үшем екенін айтып, қалаға жіберулерін сұраған. «Босандыра аласыздар ма?» дегенде, олар: «Сәбилер өте кішкентай, табиғи жолмен босандырып аламыз», – деген. Таңғы жетіде босанды. Кейін егіздердің бірінен кейін бірі шетінеп кеткенін айтып, тек екеуі туралы ғана хабарлады», – деді марқұм сәбилердің әжесі Гүлжәмила Төлешова.

Отбасы үшінші сәби аман қалды деп үміттенген. Бірақ ол да шетінеп, дәрігерлер мұны жасырып қалды дейді. Сөйтіп үшінші баланың денесін бүгін әрең беріпті. Туыстарының айтуынша, бес айға дейін әйелдің денсаулығына шағымы болмаған.

«Келінімнің жүктілігі бастапқыда өте жақсы болды. Соңғы бес айдан кейін кішкене ауырлай бастады. Сақтап қалу үшін емделуге жаттық, керекті ем-домның бәрін алдық. Менің ашуымды тудырған нәрсе – баланы беріп тұрып, үшінші баланы жасырып қалғаны. Не үшін, не себепті жасырды?! Неге бар шындықты айтпайды?! Неге бізге бәрін, қалай болғанын түсіндірмейді?! Қан кетіп, үш перзентті табиғи жолмен босану оңай емес. Келінім қан кетіп, өзі қиналып жатқанда, неге ондай қайғылы хабарды жеткізеді? Менің түсінбейтінім – осы», – деді марқұм сәбилердің әжесі Гүлжәмила Төлешова.

Бұл отбасы сәбилердің шетінеу себебін ешкім түсіндірмеді деп қапалы. Олар шақалақтарды жер қойнына тапсырған. Дегенмен мән-жайды анықтау үшін эксгумация жасауды талап етіп отыр. 28 жастағы Айданаға кесір тілігін жасағанда бәрі жақсы болар еді, дейді олар.

«Айдананың медициналық қорытындысында үшем болғандықтан, жоспарлы түрде кесір тілігі жасалуы керек еді. Бірақ олар оны табиғи жолмен босандырып алған. Ешкім шығып, Тимурға ресми түрде де, бізге де ештеңе түсіндірген жоқ», – деді марқұм сәбилердің туысы Жазира Төлешова.

Ал мұндағы дәрігерлердің өз уәжі бар. Сөздеріне сенсек, аяғы ауыр келіншек ауыр хәлде түскен. Сондықтан басқа ауруханаға ауыстыру мүмкін болмады деп отыр. Ал сәбилер небәрі 500 грамм салмақпен туған. Яғни ішкі ағзалары қалыптасып үлгермеген дейді.

«Жүктіліктің 25-аптасында үшемді босану – шұғыл медициналық көмекті қажет ететін өте ауыр жағдай. Осыған байланысты жүкті әйел стационарға жатқызылды. Таңғы сағат 7-де нәрестелер дүниеге келді. Барлығының туған кездегі салмағы өте төмен болды. Салмағы 500 грамға дейінгі нәрестелер экстремалды төмен салмақпен туғандар санатына жатады. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді. Қазіргі уақытта көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр», – деді **«Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы» ММ ШЖҚ «Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» КМК өкілдері.

Полицейлер де болған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Үш сәбиінен айырылған ана қазір перзентханада емделіп жатыр. Бұл Айдананың үшінші жүктілігі болған. Яғни үйде екі перзенті бар. Ол аман-есен босанып, бес баланың анасы боламын деп армандаған екен.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ананың көкейінде күмән көп. Сондықтан тексеріс жүргізіп, кінәлі тұлғалардың жазаға тартылуын талап етіп отыр.