Қазақстанда бір тәулікте мемлекеттік орман қоры аумағында 55 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Экология министрлігінің хабарлауынша, өрттің барлығы бақылауға алынып, жалынның одан әрі таралуына жол берілген жоқ.
Ең көп өрт ошағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында тіркелді – 41 өрт. Сонымен қатар «Ертіс орманы» резерватында 9, Шығыс Қазақстан облысында 3, ал «Наурызым» мемлекеттік табиғи қорығы мен «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бір-бірден өрт шыққан.
Мамандардың мәліметінше, өрттердің негізгі себебі – найзағайдың түсуі.
Жедел әрекет ету нәтижесінде 45 орман өрті толық сөндіріліп, 8-і оқшауланды. Қалған екі өрт ошағының таралуы тоқтатылып, жағдай толық бақылауға алынды.
Орман күзеті, авиация және жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында өрттердің ірі аумаққа таралуына жол берілмегені атап өтілді.