Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Алайда алғашқы алдын ала сот отырысы айыпталушының денсаулық жағдайына байланысты кейінге шегерілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Істі судья Саммидин Теміралиев қарап жатыр.
Сот барысында айыпталушы Шерхан Аймаханның адвокаты істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады. Сонымен қатар қорғаушы сотталушының денсаулығының нашарлағанын мәлімдеді.
Марқұм Нұрай Серікбайдың отбасының адвокаты Аянхан Омаров сот процесін барынша ашық өткізуді сұрап, оның бұқаралық ақпарат құралдарында тікелей көрсетілуін өтінді. Оның айтуынша, бұл іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында, сондай-ақ осы мәселеге қатысты Ұлттық құрылтайдың атына 100-ден астам өтініш түскен.
Судья кеңесу бөлмесіне шықпай-ақ сот отырысын кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
Еске салайық, Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан болатын. Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін күдікті оны күштеп некеге тұру мақсатында алып қашқан. Алайда сол кезде бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелмеген.
Кейін қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғадан соң Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы, оның бірінші орынбасары және бірқатар қызметкер қызметінен босатылды. Тергеу барысында күштеп неке қидыру дерегі бойынша да жеке қылмыстық іс қозғалды.